Өмірі өнеге болар дипломаттың өсиет дәрісі

Желтоқсан айының 10 күні Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Халықаралық қатынастар факультетінде еліміздің тәуелсіздік күніне арналған кезекті шаралардың бірі болып өтті. Экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы сыртқы істер минстрінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Батыршаұлы факультет студенттерімен тәуелсіздік күніне орай кездесу өткізді.

Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары сыртқы саясат тізгінін мықтап қолған азаматтар қатарында болған Сайлау Батыршаұлы Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алған жылдары еліміздің сыртқы саясатының алдында қандай күрделі де қиын мәселелердің болғанын және олардың қалай шешілгендігін тәптіштеп баяндап берді. 1990-1993 жылдары ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары және 1993-1994 жылдары ҚР Өзбекстан Республикасында Төтенше және Өкілетті Елші болған Сайлау Батыршаұлы өз дәрісінде еліміздің БҰҰ қалай қабылданғанын, қандай қиын белестерді бағындыра отырып еліміздің әлем қауымдастығының белді мүшесі бола білгендігін, сондай-ақ көрші мемлекеттермен достық қарым-қатынастарды қалай жолға қоя білгендігін сөз етті. Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алып жүрген бүгінгі студенттер, ертеңгі еліміздің сыртқы саясаты тізгінін қолға алар болашақ дипломаттарымыз өмірі өнеге боларлық дипломат ағаларының мәнді дәрісін ерекше зейінмен тыңдап, дәріс соңында өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.