Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының студенттері спорт журналисі Амангелді Сейтханмен кездесті

Аға журналистпен бала журналистердің кездесуі

«Газетпен шыбынды да өлтіруге болады, адамды да өлтіруге болады». «Прокурор емес, газеттің мақаласы қауіпті». «Журналист шаңсорғыш секілді болуы керек, бәрін жина да, алтынын теріп ал». Бұл танымал спорт журналисі Амангелді Сейітханның сәуір айының 30-ы күнгі кездесуде болашақ журналистерге айтқан сөздері, берген кеңестері. 

    «Бұл кездесу бұрынғыдан өзгерек». Себебі, әрі-берісі 2 сағаттың көлемінде  тек журналистерге ғана емес бүкіл жас буынға бағытталған кесек-кесек ойлар айтылды. Сөзінің әлқиссасының өзі ұлттық құндылықтарымыз бен руханиятымыздың төңірегінде басталып, қазақтың кешесі мен бүгінін бағамдап, болашағы үшін қарсы отырған жастарға  ағалық ақылын айтты. Өзінің журналистика саласында жасаған істерін мысал қылу арқылы мамандығымыздың маңызын ұғындырды. Барлық жерде қазақша сөйлеу арқылы «сеңді» қозғалтуға шақырды. 

    Амангелді Сейтхан болашақ әріптестерінің спорт журналистикасы саласындағы сауалдарына жауап беріп, сұрақ қою сауаттылығы туралы да сөз қозғады. Аға буын журналистері, спортшылары мен қоғам қайраткерлерінің, атап айтқанда, Әбілсейіт Айханов, Мұстафа Өзтүрік, Бекзат Саттарханов, Дәулет Тұрлыханов, Жүсіп Хисымов, Қыдырбек Рысбек, Несіп Жүнісбайұлының өмір жолы мен шеберлігіне тоқталып, қазіргі журналистиканың жағдайының көңіл көншітерлік еместігін сөзге тиек етіп, сол саланың болашақ бір «кірпіштері» ретінде бізді де «қамшылап» алды. 

    «Бәрін айт та, бірін айт», Амангелді Сейітханмен өткен кездесудің есте қаларлықтай болғаны даусыз және сол жерде болған әр жанның ойында бір ұлағатты ойдың,  айқын мақсаттың дәнегі кетті деп ойлаймын.

 

Шынар Жұмасат

3-курс студенті