English (United Kingdom)KazakhRussian (CIS)

Іздеу

Авторландыру



Тэги

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де АӨСШК-нің 25-жылдығына арналған «АӨСШК-нің азиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі» атты Халықаралық дөңгелек үстел болып өтті PDF Басып шығару E-mail
Авторлар: Administrator   
25.04.2017 15:43

 

Сәуірдің 19 күні Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің (АӨСШК) 25-жылдығына арналған «АӨСШК-нің азиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі» атты Халықаралық дөңгелек үстел болып өтті. 60-тан астам елдердің Төтенше және Өкілетті Елшілері мен дипломатиялық өкілдері қатысқан дөңгелек үстел АӨСШК Хатшылығы мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Халықаралық қатынастар кафедрасының бірлесіп ұйымдастыруымен болды. Дөңгелек үстел модераторы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ халықаралық байланыс және инновация бойынша проректоры Баубек Жұмашұлы Сомжүрек АӨСШК-нің азиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін жоғары бағалай келе, форумның халықаралық қатынастардағы орнын айрықша атап өтті. АӨСШК-нің Атқарушы директоры Елші Гун Цзяньвэй форумның азиялық қауіпсіздікті тұрақты ету мен одан әрі жетілдірудегі орнын ерекше атай келе, АӨСШК жұмысына кеңінен тоқталды.

 

 

Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесі ел президенті, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың 1992 жылы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында жасаған бастамасының негізінде құрылған болатын. Аталмыш бастамаға аймақтағы қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз етуде тиімді құрылым құруға деген ұмтылыс негіз болды. Әлемнің өзге аймақтарына қарағанда ол кезде Азия өңірінде мұндай құрылымдар болған емес. Ал оған дейінгі ұмтылыстардың бәрі сәтсіз аяқталған болатын.

 

 

Еліміздің АӨСШК шақыру туралы бастамасын басынан бастап Азия аймағындағы саяси климатты айқындайтын мемлекеттер мен әлемдік саяси бірлестіктер (БҰҰ, ЕҚЫҰ, АМЛ) қызу қолдады. Бастаманы жүзеге асыру барысында 1993-1994 жылдары Азия мемлекеттері СІМ сарапшылары үш рет бас қосып, жұмыстарын пысықтады. Аталмыш кездесулер нәтижесінде Арнайы Жұмыс топтары құрылып, оларға Кеңестің басты құжаттарын дайындау міндеті жүктелді. 1993-1994 жылдары Азия елдері СІМ сарапшылары кездесулерінде «АӨСШК жұмысы ережесі», «АӨСШК мүше-мемлекеттерінің өзара ықпалдасу қағидаттар декларациясы», «АӨСШК құрылымы мен институттары» сияқты іргелі құжаттардың жобасы қарастырылған болатын. Сол кезден бастау алған форумның игілікті істері ширек ғасыр уақытта азиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен өңірдегі бейбітшіліктің сақталуына жұмыс жасап келеді.

 

 

Университет қабырғасында ұйымдастырылған халықаралық дөңгелек үстел жұмысы қатысушылар арасындағы ғылыми пікір-таластармен аяқталды. Сөз алушылар мен дөңгелек үстелге қатысушылардың ойлары бір ортадан шыға отырып, барлық тарап АӨСШК өзінің құрылған сәттегі алға қойған барлық мақсаттарына толық қол жеткізгендігін айтты.

 

 

Астана қаласында орналасқан АӨСШК Хатшылығы форумның 25-жылдығына арналған халықаралық шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға ерекше ат салысқаны үшін Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Халықаралық қатынастар кафедрасының ұжымына ыстық ықыластарын білдірді. Өз кезегінде Халықаралық қатынастар кафедрасы халықаралық деңгейдегі айтулы шараны университет қабырғасында ұйымдастыру жұмыстарын сеніп тапсырғаны үшін АӨСШК Хатшылығына айрықша алғыс айтады.

 

Жаңартылған 25.04.2017 15:46